Тақырып пен идея

 

Қамтылатын мәселелер:

- тақырып туралы түсінік;

- тақырып таңдау жән өмір шындығын зерттеу;

- басты және қосалқы тақырыптар;

- тақырыптың көркемдік шешімін табу;

- идея және оның автор дүниетанымен байланыстылығы;

- идеяның түрлері; озық идеялылықтың белгісі.

               

            Мазмұн мен пішіннің байланысы секілді тақырып пен идея да әрқашан бірлікте болады. Идеясыз, тақырыпсыз идея болуы мүмкін емес.

            Тақырып-жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея-жазушының сол өзі суретеп отырған өмір құбылысы туралы айтқыс келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы.

Шартты түрде шығарманың тақырыбы-сауал десек, идеясы-жауап деуге болады. Сонда бір сауалдың  бірнеше жауабы болатыны секілді, бір тақырыптан бірнеше идея тууы мүмкін.

Әрбір әдеби шығармада көркем шешімін тапқан идеяның терең тамыры сол шығарманы жазған суреткердің дүниетанымында әлеуметтік көзқарасында жатады. Сондықтан, бір тақырыптың өзінен дүниетанымы әр түрлі суреткерлердің әрқайсысы әр түрлі идея туғызады. Әр жазушы бір тақырыпты әр қырынан жарқыратып ашып, оған әрқашан жаңа мазмұн мен пішін бере білген.

Бір әдби шығармада бір ғана тақырып пен идея болуы шарт емес. Шағын көлемді шығармаларда солай болуы мүмкін, ал көлемді кесек шығармаларда, әсіресе, эпикалық туындыларда негізінің күрделілігі, яки көп проблемалылығы деген осы. Мысалы: «Абай жолының» бас жағында оқудан елге оралған шәкірт Абайды суреттеген эпизодтарды еске түсірейік. Осы эпизодтарда тақырыбы (туған жер), идеясы (сағыныш); тақырыбы (ана), идеясы (мейірім), тақырыбы (әке), идеясы (қаталдық) т.б. осылайша әрқайсысы бір тақырып пен бір идея құрап, өзара тұтасып, өрби береді,

Алайда көркем шығармадағы тақырыптар мен идеялар қанша көп болғанмен, олардың бәріне ортақ желі, бәріне дәнекер бірлік болады. Ол-идеялық бірлік.

Бір шығармадағы бірнеше және әр алуан жеке тақырыптар мен идеялардың басын қосып, бір арнамен өрбітіп тұрған бірегей, өзекті мәселені негізгі идея дейміз. Демек, шығарманың негізгі идеясына айналған өзекті мәселе ондағы өз бетімен жеке-жеке өрбіген өзге мәселелерді жоққа шығармайды, қайта өзі солардан тұтасып құралады, керісінш, жеке мәселелер өзекті мәселені әлсіретпейді, қайта толықтырады.

Таланттың күші, талантты шығарманың оқырманды баурап әкететін құдіреті негізгі идеяда жатады. Бұл-көркем шығармадағы негізгі идея арқылы оқырманға ықпал еткен жазушының тенденциясы.

            Табиғаттан бабамыз ала берген секілді,

            Дарқандықты қазаққа дала берген секілді.

            Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді,

            Мыңқ етпейтін мінезді жоннан алған секілді,

            Мың бұралған тағдырд жолдан алған секілді,

            Мейірбанды күлкіні күннен алған секілді. (Қ.Мырзалиев)

Осы өлеңде халықтың тамаша қасиетін, табиғаттың өзіндей табиғи мінезін танытатын ірі идеяны автор жалаң уағызбен емес, өзінің шындықты суреттеу тенденциясымен ұқтырып отыр. Демек, жақсы шығарманың тақырыбы жақсы идеядан туады.

Жазушының ойы әрқашан өзгеріссіз көркем идеяға айнала қоймайды. Осыдан барып әр шығармадағы авторлық және обьективтік идеяла туралы ұғым туады. Авторлық идея-суреткердің о бастағы ой өзегі; обьекивтік идея-нақты шағырмадан туатын мақсатты нәтиже.

Тақырып пен идея-әдеби шығарманың мазмұнды болу қажет. Әрбір қалам иесі шығармаларының тақырыбын байыту үшін, алдымен, өзінің өмір тәжірибесін байыта түсуге тиіс.

Автордың өмір құбылыстарын, жекелеген оқиға, жағдайларды қалай іріктеп, реттеп көрсетуінен халын қалай сезінуден, соларды бейнелеу қалпынан жазушының сөз болып отырған мәселелерге қатынасы көзқарасы аңғарылады. Идея дайын күйінде, өзінен-өзі бадырайып көрініп тұрған қорытынды пікір деп түсінуге болмайды. Өйткені шығармада айтылатын идеяны оның бүкіл өн-бойынан, бүкіл мазмұн-мағынасынан, ондағы уақиғалардан немесе кейіпкер тағдырынан, барлық бейнелілік, суреткерлік қасиетінен танимыз. Шығарманың идеясы тек дәлдеп сөзбен айтып берелік түйін-пікір емес, әдеби туындының барлық мазмұн-байлығы, көркемдік қасиеті арқылы бізге күшті әсер ететін идеялдық қуаттылығы. Шығарманың негізгі идеялық бағыты бөлшек-бөлшектерінен де, сипат-өзгешеліктерінен де, бейнелік қасиеттерінен де сезіліп тұрады. Бірақ шығармаға тән идеялық, мағыналық өзгешелік жекеленген сөз, көркемдік құрал, суреттеу тәсілінің аясында бір қырынан ғана аңғарылады да, көркемдік құрал, суреттеу тәсілінің аясында бір қырынан ғана аңғарылады да, көркем туындының тұтас тұлғасын көптеген бейнелеу амал-тәсілдерінің, бедер-бояуларының өзара жүйелі жалғастығы арқылы мейлінше толық көрінеді.

Тағы бір ескеретін жағдай-баяндалп отырған уақиғаларға, суреттелген кейіпкерлерге өзінің көзқарасына, беретін бағасын автор кейде туралап айтып, айқын білдірсе, кейде шығармада әр түрлі күрделі оқиға, жағдайлар баяндалып, бірақ ешқандай дайын шешім, кесіп айтылған түйін болмауы мүмкін. Бірақ осының өзі оның пікір айту немесе айқын жауап беруден бас тартуы емес, өзінше көркемдік тәсіл деп түсінген дұрыс. Мұндай тәсіл кейде оқырмандарды толғандырып, оның өмірдегі күрделі мәселеге өз тарапынан жауап іздеуіне түрткі болу мақсатынан туады.

Идея көркем туындының өн бойына, бар бітім-болмысына ажар беріп тұрады. Идеясы терең, өткір ой-сезімге толы шығармада әр бейне, әр сөз идеяның, ой-сезімнің қуатымен нәрленіп тұрады.

Айтатын ой-пікірі құнсыз, солғын, сезімге әсер етер күші әлсіз шығармада көркемдік түр, көркемдік қасиет болуы мүмкін емес. Өйткені, оның шығарманың құрылысы, сыртқы түрі, олардың жеке бедер-белгілері-бәрі де өңсіз, әсерсіз сезіледі. Шығармада бастан-аяқ үзілмей, тұтасып тұрған жарастық-гармония, мазмұн мен түрдің, ой-сезім мен сөз кестесінің білігі жетімсіз болған соң, тіпті жекелей алғанда ұтымды айтылған сөздер, қисынды суреттелген бейнелер әр жерде бөлек қалады

 

Бақылау сұрақтары:

1. Көркем шығарманың тақырыбы дегенді қалай түсінесің?

2.  Басты және қосалқы тақырыптар, олардың өзара бірлік-байланысы жөнінде не білесің?

3. Тақырыптың көркемдік шешімін табуы қалай болады?

4.Көркем шығарманың идеясы және оның автор дүниетанымымен байланысы қандай?

5. Идеяның қандай түрлері бар?

6. Шығарманың озық идеялылығының белгісі қандай?

 

Пайдаланатын әдебиеттер

1.      Байтұрсынов «Әдебиеттанытқыш» Кітапта: шығармалары. А.,1989

2.      М.Атымов «Идея және композиция» А., 1970

3.      З.Қабдолов «Сөз өнері» А., 1976, 1982, 1992

4.      М.Атымов «Көркем шығарманың композициясы туралы» А., 1969

5.      М.Әуезов «Әдебиет тарихы» «Ана тілі» 1991

6.      Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Құр. З.Ахметов А., 1997

 

 

 

 

Көркем бейне және оның жасалу жолдары

 

Қамтылатын мәселелер:

- көркем бейне туралы түсінік, оған қойылатын талаптар;

- көркем бейненің танымдық, эстетикалық мәні;

- көркем бейне және авторлық дүниетаным.

- көркем бейненің әдіс, тек, тәсіл тұрғысынан жіктелуі;

- өнердегі типтік мәселесі, тип және прототип;

- көркем бейненің жасалуында қолданылатын негізгі суреттеу тәсілдері.

 

      Баяғы Аристотель заманынан күні бүгінге дейін адамнан және оның өмірінен тыс ешқандай сөз өнерінің де, өнер туындысының да болмайтыны дәлелденуде, бұл-дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Өйткені, өнер туындысының бәріне ортақ мазмұн-адамның ойы, арманы, мұраты, құштарлығы; өнер туындысының қай түрі болсын, әрқайсысы өз мүмкіндігінше өмірдегі, қоғамдағы адам тіршілігінің мәні мен маңызын суреттейді.

      Әдебиет туралы жалпы түсініктердің бәрінің келіп құйылар арнасы, әдебиет туралы ғылымының ең басты және негізгі мәселесі-образ және образдылық.

      Әдебиеттегі адам бейнесін жасаудың шешуші шарты-ойдан шығару.

      Ойдан шығару-образға апаратын жол; суреткердің өмірде көрген білгенін ойша өңдеудің, қорытудың, жинақтаудың тәсілі.

Ойдан шығару арқылы жазушы болашақ көркем бейненің эстизін алдымен өзі ойша жасап, көз алдына ойша елестетеді. Суреткердің (көз алдына) өз ойында нақты түрде мүсінделмеген, көз алдына затты түрде елес бермеген бейне оның шығармасында тірі қаһарманға айналуы мүмкін емес. Көркем таланттың айрықша құпиясы мен күйі суреткердің өз жасамақ болған көркем бейненің кескін-кейпін түр-тұлғасын өзінше көре білу қабілетіне осыған орай қиял құпиясына ойдан шығара білу күшіне байланысты.

      Сонымен творчестволық фантазия яғни ойдан шығару

шығармада суреттелр шындықтан шалғай жатқан оқыс нәрсе емес сол шындықты сұрыптау саралау тәсілі: шындыққа

 суарылған адам тұлғасын әрі жинақтау әрі даралау тәсілі образға апарар жол осылай басталады.

Образдың қазақшасы-көркем бейне ең қарапайым мағынасында образ-суреттеу сөз.

      Көркем әдебиеттің оқыған адамды баурап алар, оның жан дүниесіне әсер етер құдіретті күші оның образдылығына байланысты. Мысалы:

                             Күлімсіреп аспан тұр,

                             Жерге ойлатып әр нені. (Абай)

Елсіз жер…еңіреген інген інгенде күй.

Селеулер жел оятқан билеген би.

Аулақта қорқақ қоян зар тыңдаған,

Тұқырып қала берген шеңгел мен ши. (І.Жансүгіров)

Суреткердің шеберлігінің арқасында жансыз табиғатқа жат бітіп тұрғандай!

            Түп төркіні бейнеден, суреттен шыққан әр сөз өзара қатар түзеп, тіркес құрағанда осылай қиял жетпес қызық айнаға ұқсап, оның бетіне ақиқат ындықтың өзгеше айшық өрнегі, сурет-сәулесі түскендей болады.

                                   ҚызЖібектің ақтығы,

                                   Наурыздың ақша қарындай.

                                   Ақ бетінің қызылы, Ақ тауықтың қанындай.

                                   Екі беттің ажары,

                                   Жазға түскен сағымдай.

                                   Білегінің шырайы,

                                   Ақ балтаның сабындай

                                   …Оймақ ауыз,құйма көз,

                                   Іздеген ерге табылды-ай!

Мұндай жан тебірентетін әсерлі бейне ауыз әдебиетіне жарасып тұр. Ал қазіргі жазушы өзі суреттеп отырған әйелдің бейнесін жоғарыдағыдай бейнелесе күлкі болар еді.

            Сөз өнеріндегі сұлу нәрсе-қайталанбайтын нәрсе. Бейненің сұлулығы оның жаңалығында болса керек. Мұндай сұлулыққа деталь арқылы жетеді.

            …Әдебиеттегі деталь-суреткердің шабытты еңбегінің нәтижесі, аса сирек ұшырасатын сәтті табысы. Мұнда аз ғана сөз айқын суретке айналады да, шалқар шындықты танытады, көл-көсір мағынаға ие болады, сол арқылы оқырманды қызық сезімге бөлеп, қызықтыра жжетелеп әкетеді.

            Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романында мынадай бір штрих бар: «Ауылына келген кісіге баласын бұрын итін мақтайтын Абыралы әулетінің ежелгі бір әдеті бар еді» Осы сөйлемге бүтін бір рулы бай ауылдың парықсыз, даңғаза мінезі сыйып кеткен.

            Детальдың басты бағалылығы-дәлдігінде. Дәлдік дегеніміз-шындыққа жанасымдылық. Демек, сөзбен суреттеліп отырған бейне тура тірі жандай әсер етіп, оқып отырған шығарма енжар қалдырмай еліктіріп алса, детальдың дәлдігі дегеніміз оыс.

            Мыс: «Ақбала ұйып тыңдады. Ырза болғаны соншалық, бір рет, тіпті күйеуінің көзінше қонақ ігітің қолынан кесені алып жатып, оған көзін тоқтатып анықтап қарады. Кесеге созған қолы да дастархан үстінде асылған қалпы іркіліп тұр. Оны өзі де әбестеу сезді. Және күйеуінің шытына қалған түрін байқады ма, кенет қызарып кетті». (Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер»)

            Осы үзіндіде бір үйдегі үш адам, үш адамдағы үш түрлі сезім:  «Тәңірбергенде құмарлық, Еламанда қызғаныш, Ақбалада қызығу» сезімдері, яғни адам жанының жай көзге байқала бермейтін нәзік иірімдері әсем әрі әсерлі аңғартылып отыр.

            Қағаз бетіндегі қарапайым сөздерді сырлы суретке айналдырар, сол арқылы суреттеліп отырған құбылысқа эмоциялық жылылық, эстетикалық күш дарытар деталь дегеніміз осындай болады.

            Адамның ішкі тұңғиық тереңін, адам психологиясының көзге ілінбес нәзік қалтарыстарын, адамға тән құштарлық қиын құпиясын жарқ еткізіп ашып, көз алдыңа елестету-кез келген суреткердің қолынан келмейді.

            Әдебиеттегі адамның ішкі болмысы тек мінездеу, я болмаса күйініш-сүйінішін суреттеу жолымен ғана жасалмайды, оның өзін сөйлету арқылы да танытуға болады. Өйткені, әркімнің сөйлеген сөзінен оның бүкіл ішкі жан сарайы, өзіне тән психологиялық өзгешелігі-ақылы, ойы, сезімі, ұғымы, нанымы, танымы, білімі, мәдениеті т.б. анық байқалады.

            Образдың жасалу тәсілдеріне лайық образдаудың түрлері туады. Образдаың жасалу тәсілдерінің әр алуандығы сияқты, оның түрлері де әр алуан. Көркемдік әдіс тұрғысынан келгенде, образ екі түрлі: роматикалық образ, реалистік образ. Әдеби тек тұрғысынан келгенде, образ үш түрлі: эпикалық образ, драмалық образ. Ал жалпы жасалу тәсілдеріне бақсақ, образ тағы да бірнеше түрді болады: юморлық образ, сатиралық образ, фантастикалық образ, трагедиялық образ. Геройлық образ т.б.

            Әдебиеттегі көркемдік әдістер мен ағымдарға кейін тоқталамыз, сондықтан сол әдістерге орай романтикалық және реалистік бейнелер жөнінде кейін сөз етеміз.

            Эпикалық образ-әрі нақты, әрі затты тұлға, кәдімгі тірі кісідей сөзін құлақпен естуге, мінезін ұғуға, қимылын бақылауға болатын, бүкіл өмір жолын бар бұралаңымен байққауға, өскен ортасын барлық ойы-қырымен байыптауға болатын күрделі, кесек қаһарман.

            Лирикалық образ-сыршыл өлең-жырлардағы ақынның өз бейнесі; оның ішкі бітімі; ақынның мың иірім көңіл-күйінен нәзік сыры мен салқын сезімін өріліп жасалған өзгеше кейіпкер.

            Эпикалық образ нақты болса, лирикалық образ-шартты.

            Драмалық образ-өмірдің өз аясында-сахнада көзбе-көз, қолма-қол жасалатын көркем бейне. Драмалық образдың эстетикалық және тәрбиелік мәні орасан үлкен, әрі күшті. Драмалық образдың эстетикалық және тәрбиелік мәні орасан үлкен, әрі күшті. Драмалық образ оймен қатар іске, сезіммен бірге қимылға құрылады.

            Юморлық образ-күлкілі кейіпкер, юмор-өмірдегі кісі күлерлік құбылыстардың өнердегі сәулесі. Күлкі-өмірдегі ескі мен жаңаның арасында болып жатқан күрестің жауынгерлік құралы. Юморда күлкілі құбылыстардың ең бір зілсіз, зиянсыз түрлері алынады, мұндағы күлкі-әзіл; ал әзіл келемежге айналса-ирония, келемеж ащы мысқылға айналып, сын үдей түссе-сарказм болғаны.

            Қазақ әдебиетінің тарихына үңілсек, баяғы Қожанасырдың күні кешегі Мырқымбайға дейін талай юморлық тамаша образдарды атауға болады. Мұндай образдар арқылы суреттеп отырған өмір шындығын жинақтайды, адам мінезін ашады, әдеби бейнені даралайды. Сонымен қатар мұндай жағдайда күлкі оқырманға айрықша әдемі әсер етеді, көркем шығармаға өзгеше эмоциялық жылылық әкеледі, жайдары шырай береді.

            Сатиралық образ-ұнамсыз тип. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің алдында қағып сілкілейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді. Өмірдегі келеңсіз құбылыстарды аяусыз сынап, адамдарды ілгері басыуға, кедергіні жоқ етуге жұмылдырады. Сатира да күлкіге құрылады, бірақ мұндағы күлкі жай әзіл, әжуа емес, ызалы күлкі. Юморда түзеу мақсаты жатса, сатира да жою, жоқ қылу мақсаты жатады.

            Адам өмірінен күлкіні бөлуге болмайтыны секілді, әдебиет пен өнерден юмор мен сатираны да бөлуге болмайды.

            Сатира-халықтың рухани күші мен қуатының кепілі.

            Фантастикалық образ-қиялдан туған қаһарман, адамның ақиқатқа ұқсас арманында бедерленген бейне: әдебиеттегі адам образының бағзы замандардан күні бүгінге дейін келе жатқан көне түрлерінің бірі.

            Сөз өнерінің ең байырғы түрінің бірі ертегі десек, оның қиялға негізделетіні, ертегідегі адам бейнелерінің көбінде қиял-ғажайып сипат болатыны мәлім. Бұл фантастикалық образдың көнелігіне дәлел. Трагедиялық образ-әдебиетте тым әріден келе жатқан бейнелерді. Трагедия қатерлі нәрселер қайғы, қорқыныш, қаза түрінде көрінеді. Трагедиялық қаһарманның өмірі көбіне өліммен аяқталып отырады. Өйткені, оның айқасқан жауы өзінен күшті, әлеуметтік қиянат адам еркінен тыс үлкен. Сондықтан да қаһарман-халықтың алыс арманы, асыл мұраттарынан туған тарихи тұлға

Әдебиеттегі геройлық дегеннің өзі-қоғамдық, адамдық биік мақсат жолындағы өрлікпен ерлікті, қайсарлық пен қаһармандықты жырлау. Адам рухының ұлылылығын қастерлейтін әдебиеттегі  геройлық образ суреткердің ең биік идеалының, яки асыл мұратының көркем жинақталуы.

Геройлық образ-еңбек пен күрес адамының көркем әдебиеттегі ең көрнекті типі, ұлағатты түрі, биік үлгісі.

Типтік бейне ерекшелігі

Суреткердің өмір шындығын өз дүниетанымы тұрғысынан белгілі бір уақыт пен кеңістікке, әлеуметтік орта мен дәуірге сай талғап-тану, таңдап іріктеуі және жинақтауы, сол арқылы өзі жасап отырған көркем бейнені сомдауы, тұлғаландыруы, даралуы типтендіру болып табылады.

Демек, типтендіру-мөлшерлі «сфераға» енетін, өлшеулі «формулаға» көнетін әрекет емес, ақиқат өмірдегі тірі кісілерден әдеби шығармадағы жанды бейнелер туғызудың аса қиын, күрделі және әрқашан тың, тынымсыз харекеті. Суреткер өзі жасаған көркем бейненің құны мен қасиетін оның өмірдегі жанды дерегіне қарап белгілейді. Жазушының тип жасау үстіндегі көңіл аударатыны-типтілік туралы «қисын» емес, тірі мүсін-прототип. Суреткер бір типті бірнеше прототиптен жинақтап жасайды.

Шындық құбылыстарды типтендіре жинақтау арқылы суреткер болашақ образдың немесе типтің жалпы бітімін, тұлғасын қалыптастырумен қатар оның ішкі ерекшелігін ашып, мінезін даралайды. Әрбір әдеби тұлғаны өз ортасынан адам ретінде бөлек, оқшау танытып тұратын, тек оның өзіне ғана тән, өзгелерде жоқ және қайталанбайтын психикалық ерекшеліктері болуы шарт. Суреткердің өмір шындығын жинақтау әрекеті әрқашан оның адам мінезін даралау әрекетімен ұласып, ұштасып жату себебі де сондықтан деп түсіну керек.

Мінез-адамның ішкі болмысы. Белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы.

…Нағыз суреткердің қолынан шыққан әрбір әдеби тип әрі әбден жинақталған, сондықтан өзінен өзге ешкімге ұқсамайтын жалқы тұлға. Демек, типтің түрі мен мазмұнында «жалпы» мен «жалқының» бірлігі жатыр.

«талантты жазушының әр образы-тип» дейді Белинксий.

Көркем әдебиеттегі типтік образдарға қарап отырып белгілі бір уақыт пен кеңістіктегі қоғамдық дамудың негізгі және шешуші тенденциясын байқауға болады. Мысал, қазақ қоғамының өткен ғасырдағы ұнамды қасиеттерінің бір алуанын М.Әуезов Абай тұлғасына жинақтап, тұтастыра танытқан десек, осындай С.Мұқанов Асқар образы арқылы көрсетті, Ғ.Мұстафиннің мейрамы-адамдардың елімізді индустрияландыру кезіндегі елеулі ерекшеліктерін тұтастырылған тұлға болса, Ғ.Мүсіреповтің Қайрошы-адам рухының соғыс жылдарындағы лап еткен айрықша бір көрінісі секілді.

Бұлардың әрқайсысы әр тұстың типтік тұлғасы, өзгеге ұқсамайтын тек өздеріне ғана тән өзгеше мінез-құлық, іс-әрекет, болмыс-бітім бар. Десек те осыларда рухани ұқсастық, парасат тұтастығы бар. Бұл-адамдық рух тұтастығы, қоғамдық, даму толассыздығы.

Көркем әдебиеттегі жинақтау типке әкелсе, даралау-мінезге әкеледі. Образ осылай туады. Демек, мінез—адамның ішкі бітімі болса, тип-сом тұлғасы.

Көркем бейне жасаудағы негізгі тәсілдер

Әдебиетте адам образын жасаудың жолдары мен тәсілдері көп және әр алуан. Жазушы шын мәніндегі шебер, зергер болса, сонда ол қолданған әрбір амал адам образын ашуға қызмет етеді.

Оқырман өзі оқыған белгілі бір көркем шығармадағы  геройлардың мінезінбіліп, сөзін ести тұра оның сырт пішінін, кескін кейпін де көргісі келеді. Міне, осыдан барып портреттік тәсілдің қажеттілігі пайда болады.

Бейнелеу өнеріндегі портрет өзгермейді де қозғалмайды, қашан көрсең де бір қалыпта тұрады.

Ал сөз өнеріндегі портрет, керісінше, бір қалыпта тұрып қалмайтын, өзгеретін, қозғалатын жанды келбет, тірі кескін. Сонымен, тпортрет дегеніміз-(франц. Рогtrait-бейнеленген)-кейіпкердің сырт көрінісін, кескін-кейпін, бой-тұлғасын суреттеу. Кейіпкердің мінез-бітімін, характерін неғұрлым толық ашып көрсету үшін оның портретін мүсіндеудің де үлкен мәні бар. Сондықтан кейіпкердің характерін әр түрлі жағдайда, күрес тартыс үстінде оның басқа адамдармен қарым-қатынасы, өзінің әрекет-қимылдары, істеген істері арқылы айқындай отырып, жазушы портреттік сипаттауға да көңіл бөледі. Жазушы негізгі қаһармандардың келбетін, бой-тұлғасын, жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін есте қаларлықтай етіп, әсерлі бейнелеуге мән береді. Мыс: «Абай жолы» романында Тоғжанның портреті былай суреттеледі: «сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кететепін паш етеді. Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшәт бөрік, білек толы неше білезіктері-баршасы да бұл өңірден Абайдың көрмеген бір сәні сияқты. Толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай боп қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас жүрекке шабатын жетдеттей.

Тоғжан үйдегі сөзге құлақ салып, не күліп, не қымсына, сұлу қастары бір түйіле түсіп, бір жазылып толқып қояды. Елбіреп барып дір еткен қанат лебіндей. Самғап ұшар жанның жеңіл әсем қанатындай. Биікке, алысқа мегзейді. Абай көпке шейін Тоғжан жүзінен көзін ала алмай, телміре қарап қояды».

Жазушы іс жүзінде кейіпкер мінезін әр түрлі тәсілмен жасайды. Соның бірі тура мінездеу. Мысалы: Ә.Нұршайықовтың «Қан мен терінде» Ақбаланың әкесі Сүйеуді былай суреттейді: «Сүйеу-ел ішіне сыйымсыз, тікбақай, тентек шал. Өз үйінде да жыландай ысқырып отырады… Бір ғажабы, осы қытымыр, қатал шал дегенде Еламанның жаны жоқ. Еламанға Сүйеу қарттың да ықыласы басқа. Күйеу баласын «балықшы» деп атап, оған айтқан бар сөзін әзілге шаптырып, осқырынып күліп отырады. Жақсы көріп, әлде шыныменен жек көріп, кекетіп отырғанын айту қиын». Бұл-тура мінездеу, Сүйеудің осы мінез-құлқы шығарманың өн-бойында бұлжымай, айрқша сипатта қалады.

Тағы бір тәсіл-жанама мінездеу. Мұнда жоғарыдағыдай төтеден сипаттау болмайды. Жазушы мінез-құлқын, әдет-ғұрпын анықтағысы келген жеке адамның немесе бір топ адамның өзі емес, соның қатысы бар өзге заттарды суреттеу арқылы әлнігің өз құлқын не ғұрпын айқындайды. Мысалы: Ғ.Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгімесінде» ең қадірлі қонақ қабылдайтын үлкен үйінің сиқын суреттеу арқылы Жаңбыршы аулындағы бір рудың мінезін аңғартады. Мұндай мінездеу жанама мінездеу деп аталады. Әдебиетте адамның көркем бейнесін суреттегенде, жазушы оның кескін-тұлғасын, іс-әрекетін, мінезін сол ортаның, дәуірдің өзгешеліктерін танытатын типтік сипаттармен қатар өзінің басына ғана тән ерекшеліктерді анық байқалатындай етіп көрсетеді. Бұған суреткер кейіпкерді сөйлету арқылы қол жеткізеді. Кейіпкер тілі арқылы оның психологиялық ерекшелігі, өзіндік бет-бейнесі ашылады. Оның сөйлеген сөзінен өзінің қандай екені байқалып тұрады.

Көркем бейнені жасауда психологиялық параллелизм тәсілі де жиі қолданылады. Мұнда адамның жан дүниесін, ішкі сезімін терең ашып көрсетуге айрықша мән беріледі, екі нәрсені қатарластыра, жанастыра алып бейнелейді. Екі түрлі ұғыды білдіретін тіл элементтері бір-біріне әсер етіп, тұтас поэтикалық бейне тудырады.

                       Көкала бұлт сөгіліп,

                       Күн жауады кей шақта

                       Өне бойың егіліп,

                       Жас ағады аулақта.

                       Жауған күнмен жаңғыртып,

                       Жер көгеріп, күш алар.

                       Аққан жасқа қаңғырып

                       Бас ауырып, іш жанар. (Абай)

Ақынның адамның көз жасы мен жаңбырды айта отырып ой түйген. Өлеңдегі егіз суреттемелердің әсері күшті.

Диалог-(грекше-dialogos)-әдеби шығармада екi кейiпкердiң, немесе бiрнеше түгелдей дерлiк диалогқа сөйлестiруге құралады.

            Диалог кейіпкерді жай бірінен кейін бірін сөйлете беру емес, ол сөйлесетін адамдардың қарым-қатынасының қалай шиеленісіп, қалай өзгеріп, өрістеп отыранытына сәйкес беріледі. Және бір кейіпкердің айтатын сөзі түрткі болып, келесі сөйлеуші жауап қайыра сөйлейді. Әрбір мағынасы жағынан тиянақты диалог кейіпкердің мінез-құлқын тағы да бір қырынан ашып көрсетіп, олардың қарым-қатынасының бұрынғы қалпынан өзгеріп, жаңа сатыға бір көтерілгенін танытады. Сөйлескен кейіпкерлердің сөздері шығармадағы тартыс-қақтығыстардың шиеленісіп-өрістеумен осылай тығыз ьайланысты болып келмесе, онда диалог ширақ, тартымды болмайды. Әсіресе кейіпкердің қиын, қысталаң жағдайда, қандай әрекет жасайтынын көрету үшін диалогтың, яғни олардың қайсысын қалай сөйлетудің мәні зор. Диалог арқылы кейіпкерлердің ішкі сыры аңғарылады. Яғни, әр кейіпкердің сөз саптауынан, оның ой-толғанысынан, сөйлеу өзгешелігінен жан дүнеисі айқын елес береді. Жазушының шеберлігі де оның әр кейіпкерді мінез-бітіміне, ой-өрісіне орай сөйлетуінен көрінеді. Сондықтан мағыналы диалог, кейіпкерлерді сөйлестіре білу шеберлігі әдеби шығармада халықтың тіл байлығын мол пайдаланып, орнымен қолданудың ұтымды тәсілдерінің бірі Б.Майлиннің «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» өлеңі сұрақ-жауап түріндегі диалогқа құрылған.

            Осы шағын диалогтан қоғамдық өмірдің үлкен шындығын, әлеуметтік жағдайдың, адам тіршілігінің зор өзгерісін анық байқауға болады. Сонымен бірге өлеңдегі кейіпкердің әр кезеңдегі хал-ахуалын, жай-күйін, бай кезіндегі бұрынғы астамшылығы мен бүніггі жаңа өмір орнағанда басынан дәурені өткенін, яғни мүсәпір халін көреміз.

       Монолог-(грекше-monologos, mono-,сөз logos-бір) драмалық шығармадағы, сондай-ақ басқа әдеби шығармадағы кейіпкердің ішкі көңіл-күйін білдіретін толғау сөзі: кейіпкерді сөйлету тәсілі.

            Монолог кейіпкердің өзімен-өзі сырласқандай, ойланып-толғанғандай болып айтатын сөзі. Басқа біреу ол сөзді естімейтіндей болса, жауап қайыру деген болмайды, бірыңғай бір кейіпкердің сөзі ғана беріледі. Монологтың мағыналылығы-сол адамның ішкі сырын, көңіл-күйін, психологиясын терең ашып көрсетуге өте ыңғайлы. Монологта кейіпкердің түйінді ой-тұжырымдары айтылып, оның тағдырына бай маңызды кезеңдегі жай-күйі, айқын аңғаылады. Мысалы: А.С.Пушкиннің «Борис Годунов» атты трагедиясындағы Годуновтың монологтары осындай.

            Лирикалық шығармадағы монологтың тамаша үлгісі ретінде Абайдың «Болыс болдым, мінеки» атты өлеңін арнайы айтуға болады. Ал көркем қара сөзден М.О.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың монологтары ауыз толтырып айтарлықтай.

Адамның әлдебір күйініш-сүйінішін, кескін-кейпін, қимыл-әрекетін суреттеу оның өз сөзін немесе өзгемен сөйлесуін келтіру, тіпті түрліше табиғат көріністерін суреттеу..-осылардың бәрі, сайып келгенде, әдебиеттегі адамның сыртқы түрін анықтап, ішкі сырын ашу үшін, яғни көркем бейнені жан-жақты сомдау үшін керек тәсілдер .

 

Бақылау сұрақтары:

1.Әдебиет туралы ғылымның ең негізгі мәселесі не?

2. Көркем әдебиеттің оқырманға әсер ету күші қандай және оның негізі не?

3. Әдебиеттегі деталь мәселесін қалай түсінесің?

4. Суреткердің адамның ішкі болмысын таныту жолдары қандай?

5. Жасалу жолдары мен тәсілдеріне қарай образ қандай түрлерге бөлінеді?

6.Тип және типтендіру дегеніміз не?

7.Әдебиетте адам образын жасаудың жолдары мен тәсілдері қандай?

8. Көркем бейненің оқырманға ықпалы жөнінде не айта аласың?

 

Пайдаланатын әдебиеттер

1.      А.Байтұрсынов «Әдебиеттанытқыш» Кітапта: шығармалары. А.,1989

2.      З.Қабдолов «Сөз өнері» А., 1976, 1982, 1992

3.      Әдебиеттану. Хрестоматия құрастырған С.Мақпыров А., 1991.

4.      М.Әуезов «Әдебиет тарихы» «Ана тілі» 1991

5.      Ғ.Мүсірепов «Заман және әдебиет» А. 1982

6.      М.Горький «Әдебиет туралы» А., 1954, 1984

7.      Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Құр. З.Ахметов А., 1997